Есіл ауданының әкімі Медет Оспанов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында журналистерге өзі басшылық ететін ауданның биыл жеткен жетістіктері мен алда атқарылар жұмыстар жайды баяндады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 70,2 млрд. теңгені құрады. Мемлекет бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына жан-жақты қолдау көрсетуде. 2019 жылы 2,1 млрд. теңге, 2021 жылы 3,2 млрд. теңге субсидиялар төленген болса, ағымдағы жылдың басынан бастап 5,4 млрд.теңге сомасына төленді. Ағымдағы жылы ауданда 18,5 ц/га өнімділікте 368,6 мың тонна дәнді дақылдар, 11 ц/га өнімділікте 73,8 мың тонна майлы дақылдар жиналды, — деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған жетістіктер ауыл шаруашылығындағы барлық қажетті технологиялық нормаларды сақтау нәтижесінде қол жеткізді. Сондай-ақ, негізгі капиталға инвестициялар ағынының жалпы көлемі 2022 жылғы қаңтар-қазанда 11,3 млрд.теңгені құрап, 2,6 млрд. теңгеге өскенін атап өткен жөн.