Солтүстік Қазақстан облысында сот актілерін орындамады, еңбек заңнамасын бұзды және аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған кәсіпкер 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО Айыртау аудандық сотының мәліметінше, сотталушы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры лауазымында жүріп, жарты жыл бойы 6,3 млн. астам теңге зейнетақы аударымын аудару туралы сот бұйрығын орындамаған. Сондай-ақ 2020 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың наурыз айына дейін жұмысшылардың еңбекақысын төлемей, ол ақшаны басқа мақсатта жұмсаған.Бұдан басқа ол әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кепілдігімен 2020 жылдың 5 мың тонна астығына форвардтық сатып алу жөнінде келісімге отырған. 250 млн. теңгені қайтармай, сенімге кіріп, үлкен соманы иемденіп кеткен. Прокурор кәсіпкердің бар қылмысын есепке алып, оған 10 жылға жаза кесуді сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін мойындамай, соттан ақтауды сұрады.
Алайда айыпталушының кінәсі зардап шегушілердің, куәгерлердің көрсетуімен, қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді. Сот үш бап бойынша айыпталған сотталушының кішкентай баласының барлығын қылмыстық істі жеңілдететін жағдай деп таныды. Нәтижесінде Айыртау аудандық соты оны 6 жылға бас бостандығынан айырды. Бұдан басқа оған 10 жылға басшы қызметке және қаржылық, коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапкершілік бар лауазымдарға орналасуға тыйым салынды.