Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка аудан орталығында шыны зауытын салу бойынша ірі инвестициялық жоба іске асырылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте аудан әкімі Владислав Лукин инвестор Мамлюткада өндірістік алаңы 8 мың шаршы метрден асатын бұрынғы машина жасау зауытының ғимаратын сатып алғанын мәлімдеді.
– Заманауи технологияларды қолдана отырып, құрылыс мақсатындағы шыны бұйымдарын шығару үшін өндірісті іске қосу жоспарлануда. Оның аясында 300-ден астам жұмыс орны құрылады. Зауыт архитектуралық екі қабатты терезелер нарығындағы өндірістік қуаттылығы бойынша Қазақстандағы ең ірі зауыттардың бірі болмақ. Жобаның бюджеті 4 млрд теңгеден асады, — деді Владислав Лукин.
Бұған дейін әкімдік отырысында облыс бойынша 90-шы жылдардан бері тоқтап тұрған үй-жайлардың 70% — ға жуығы қалпына келтірілгені атап өтілді.