СҚО-да бірден екі көлік жылқыны соғып кетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында қараусыз жүрген жылқылар жол үстіндегі апаттың орын алуына себеп болды. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның 32 жастағы тұрғынының басқаруындағы Lada Vesta және 56 жастағы қостанайлық жүргізіп келе жатқан Fiat Ducato автокөліктері бір-біріне қарсы бағытта келе жатқан.
Жергілікті маңыздағы Антоновка — Горное жолының 8-ші шақырымында олардың алдарынан кенеттен жылқы шыға келіп, соғып кеткен. Абырой болғанда, адамдар зардап шеккен жоқ. Көліктерге механикалық зақым келсе, жылқылар шапқан күйі тоқтамай ашық далаға бет алған.
– Учаскелік полиция инспекторларымен Ақмола облысының бақташысы анықталды. Ол Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек онымен профилактикалық сипатта әңгіме жүргізілді. 11 айда ауданда малды қараусыз қалдырғаны үшін 481 адам жауапкершілікке тартылды, – дейді Айыртау аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Тұрлыбек Жамалиденов.