Елордалық мейман облыс тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
2022-2025 жылдар аралығында қайта өңдеу саласында 35 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың жалпы құны 414,5 млрд. теңгені құрамақ. Нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ержан Мырзабаевтың айтуынша, биылдың өзінде 13 жоба іске қосылып, 1263 адам жұмысқа орналасады.
– Қазіргі уақытта облыста қайта өңдеу өнеркәсібі саласында 7 жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта тағы 9-ы іске қосылады. Бұдан бөлек, жоспарда 6 жоба бар. Бизнес саласына инвестиция тарту бойынша облыс алдыңғы қатарда. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты, – деді Ержан Мырзабаев.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ержан Мырзабаев тұрғындарды жеке қабылдап, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте журналистер қоғамдық көлік қатынасы, отандық көліктерді алуға жеңілдетілген несие беру жайын сұрады.
– Қазіргі күні Петропавлдағы қоғамдық көліктердің дені жаңаланды. Бұл «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта жолаушылар тасымалымен айналысатындар тарапынан қызығушылық болса, бұл жұмыс міндетті түрде жалғасын табатынына сенімдімін. Ал отандық көліктерді жеңілдетілген несиеге беру мәселесіне тоқталсақ, биыл «Жасыл даму» қоры арқылы 100 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа қазақстандықтар арзан бағаға көлік сатып ала алды. Министрлік елімізде шығарылатын көліктерді сатуға айрықша көңіл бөледі. Біз қолдау көрсетуге қашан да дайынбыз, – деді брифингті қорытындылаған Ержан Мырзабаев.