Солтүстік Қазақстан облысында тағы бір өрт тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 желтоқсан күні Ғ.Мүсірепов ауданы Новоселовка ауылында жеке үй өртенген. Өрт сөндірушілер келгенше ауыл тұрғындары 65 жастағы ер адамды эвакуациялады. Оқиға орнында құтқарушылар барлау жұмыстарын жүргізіп, үйден екі газ баллонын, сонымен қатар 40 жастағы ер адамның мүрдесін алып шықты. Ғ.Мүсірепов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Санат Мұқашев оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын айтты. Жалпы, жыл басынан бері облыста 623 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 73 пайызы тұрғын үй секторында болған. Өрт кезінде 30-дан астам адам қаза тапқан.