Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов бұрынғы Биохим зауытыны барды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Берік Әлжановтың айтуынша, «BioOperations» ЖШС физика-химиялық және биологиялық тазартудың жаңа екі сатылы жүйесін пайдалана отырып, астықты терең өңдеумен айналысады.
— Санитариялық-қорғау аумағының тазалау жүйесінің жай-күйі тексерілді. Барлық көрсеткіштер нормалар шегінде және халықтың өмірі мен денсаулығына зиян келтірмейді. Тайынша тұрғындарын мазалайтын жағымсыз иіс жиналып өалған өндіріс қалдықтары шіріп жатқан ескі тоғандардан шығып жатыр, — деп жазды аудан әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, компания жағымсыз иісті жою үшін шаралар қабылдауда.
— Өндірістік процесс қайта құрылып, қалдықтардан жем-азық дайындау көзделуде. Өздеріңіз білетіндей, бидайдың қалдықтарын лақтырмай, мал мен құсқа жемдік азық ретінде дәрумендерге бай өнім шығарылып жатыр. Сондықтан тоғандарда барлық тазарту процестерінен өткен, иіссіз және қоспасыз су ғана жиналады. Қайта өңдеу процесінде жанама өнім ретінде пайда болатын және бұрын атмосфераға жай шығарылатын сұйық көмірқышқыл газын өндіру жолға қойылған. Қазір технология бойынша ол тазартылады, сұйық күйге айналғаннан кейін өнеркәсіпте қолданылады. Жағдайды одан әрі бақылайтын боламын, — деді Берік Әлжанов.
Бұған дейін экология департаменті «BioOperations»ЖШС қатысты профилактикалық бақылау жүргізген болатын. Экологиялық заңнаманы бұзудың 7 фактісі анықталып, жалпы сомасы 16 млн.теңгеге айыппұл салынғанын айта кеткен жөн.