Петропавлда өндірістік кооперативтің боксында тұрған жеңіл көлікте өрт шығып, ер адамды күйік шалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 желтоқсан күні сағат 20:36-да «101» телефон нөміріне өрт туралы хабарлама түскен. Қоңырау шалған адам Петропавлдағы Рыжов, 134 мекенжайында орналасқан өндірістік кооператив боксында тұрған Ауди-80 маркалы жеңіл көліктің өртеніп жатқанын айтқан.
Өрт сөндірушілер бірден оқиға орнына жеткен. Мамандар келген кезде нысанда тұрған көлік жалындап жанып жатқан. Өрт салдарынан 62 жастағы ер адамның қолы, бетінің 5 % күйген. Ол жедел жәрдем қызметімен Петропавлдағы 3-қалалық ауруханаға, жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы – орташа.
Оқиға орнында Петропавлдағы өрт бөлімшелерінің 7 арнайы техникасы, жеке құрамнан 20 адам жұмыс істеді. Жеңіл көлік толық жанып кеткен. Ал нысанды мамандар сақтап қала алды. Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына машинаның қозғалтқыш бөлігінде болған қысқа тұйықталу себеп. Шығын мөлшері анықталатын болады.