Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Ковыльное ауылында орналасқан «Ақселеу» ЖШС-і «Парыз» байқауының «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» аталымында үздік деп танылды. Мұнымен қоса, «Радуга» серіктестігі «Экологияға қосқан үлесі үшін» алтын мүсіншесімен марапатталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстанға ғана ғана емес барша елде үлкен бедел мен абыройға ие марапатты Елордада Қазақстан Республикасы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиында табыс етті.Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты Ковыльное ауылы облыс орталығынан 400 шақырым жерде орналасқан. Алайда шалғай орналасқанына қарамастан елді мекенде тұрғындарға тұрмысқа қолайлы жағдай жасалған. Оның бәрі осы елдің бас көтерер азаматы, меценат Серік Малаевтың арқасы. Кәсіпкер егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Серіктестік меншігінде 20 мың гектар жер бар. Дәнді және майлы дақылдарды да өсіреді. 2013-ші жылы құны 155 млн теңгені құрайтын мал шаурашылығы кешенін ашып, герефорд асыл тұқымды қара малдың 700 басын сатып алған.
— Халыққа жем-шөп жағынан 50 пайызға жеңілдік беріледі. Жазда бау-бақшаларын жыртып, картоп егулеріне көмектесеміз. Шаруашылықта істейтін маман отау құрып, сәбилі болса баласы 1 жасқа толғанша ай сайын 160 мың теңге көлемінде көмек көрсетеміз,- дейді «Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаев.
Бүгінде елді мекенде 400-ге жуық адам түтін түтетіп отыр. Басым бөлігі серіктестікте еңбек етеді. Кәсіпкер ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында соңғы 4 жылда жаңадан 21 үй тұрғызған. 2018-ші жылы зығыр сабанымен жұмыс істейтін қазандық орнатып, әрбір үйді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосқан. Жоба құны 76,4 млн теңге. Бұдан бөлек кәсіпкер жарма өндіру цехының құрылысын аяқтауға шақ қалды. Жоба құны 150 млн теңге. Мұнда жасымық пен арпа қайта өңделмек. Өнім Солтүстік пен Ақмола облысында сатылмақ.
Ал, халыққа пісте, жүгері таяқшасы, попкорн, сулы және қағаз майлықтар мен сұйық сабын сынды басқа да тауарларымен жақсы таныс «Радуга» ЖШС-і биыл қағаз өндірісін де қолға алды. Жаңа бағытты дамыту үшін жобаға 2,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Басты мақсат – ішкі нарықты қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайту. Әзірге тәулігігіне А4 форматтағы 1500 қорап қағаз шығарылады. Болашақта өндіріс көлемі ұлғайтылмақ.
— Біздің қағаздың бағасы импорттық өнімнен арзан. Бастапқыда өңірдегі ішкі сұранысты қамтамасыз етеміз. Біртіндеп Ресейге экспортқа шығамыз. Болашақта картон өндірісін қолға алып, жылына 10 тонна өндіру жоспарда бар,- дейді, «Радуга» ЖШС бас директоры Дмитрий Шарапаев.