Петропавлда су құбырындағы апаттың себебі анықталды

Авторы: Qyzyljar News

Петропавлда су желісінде болған апат салдарынан теміржол мен бірнеше екі қабатты үй ауласын су басты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Петропавлдағы 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде түнде су құбыры жарылып, қаладағы бірнеше шағын аудан сусыз қалған еді. Қазіргі уақытта тек «Береке» ауданында және Жұмысшы кентінде су жоқ. «Қызылжар Су» ЖШС су магистраліндегі апатқа қатысты түсінік берді.

– Түнгі сағат 01.00 шамасында «Петропавлда су қысымы төмендеп кетті» деген хабар түсті. Осыдан кейін мамандар оқиға орнына шықты. Оңтүстік-Батыс су желісінде диаметрі 800 мм су құбыры жарылған екен. Бұл су магистралі 2009 жылы жаңғыртылған. Қазіргі уақытта құбырдың жарылуына не себеп болғаны анықталды. Мағжан Жұмабаев көшесіндегі жағдай қайталанып отыр, яғни екі құбырдың қосылған жері ажырап кеткен. Қазіргі уақытта қысымды жоғарылату үшін жұмыс істеп жатырмыз. Зақымданған жерді ауыстыруға қажет заттар жеткілікті, — дейді «Қызылжар Су» ЖШС атқарушы директоры Арман Сауытов.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, құбырдың жарылуынан теміржол учаскесін су басты. Сондай-ақ «Радуга» ЖШС-нің аумағына және бірнеше екі қабатты үйдің ауласына су кірді. Ол жерлерде бригадалар жұмыс істеп, суды арнайы техникамен сорып жатыр. Тұрғындарға таза су да жеткізілді.

– Аяз жұмысты қиындатты. Сондықтан қазір апат болған жерді үстінен жауып, қалған жұмысты соның ішінде атқарамыз. Сондай-ақ екі құбыр қосылған жерді де жылытуымыз керек, өйткені олар дұрыс қабысуы үшін температура жылы болуы қажет. Бізге құбырды қалпына келтіруге бір тәулік уақыт керек. Қазір мұнда 8 бригада жұмылдырылған. Бұл биылдыққа осымен үшінші ірі апат болып отыр. Екеуінде бір мердігер компания жұмыс істеген. Бұл фирма қазір өз жұмысын тоқтатқан. Сондықтан бұл жолы барлық шығынды өзіміз өтейміз, — дейді Арман Сауытов.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz