СҚО-да жүргізуші куәлігін “сатқан” алаяқ сотталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған 35 жастағы ер адам түзелмей, ескі әдетіне басқан. Ол Астанада таныс адамдары барын алға тартып, емтихан тапсырмай-ақ ақшалай сыйақыға жүргізуші куәлігін алуға болатынын айтқан. Жалпы, алаяқтың арбауына Тайынша ауданының 14 тұрғыны, Ақжар ауданынан бір тұрғын, Көкшетау қаласынан да бір адам іліккен. Адамдар алаяққа ақша аударып, өздеріне, жұбайлары мен балаларына да жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырыс берген.
Нәтижесінде СҚО полицейлері алаяқты анықтап, 16 эпизод бойынша материалды сотқа тапсырды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның сомасы 1,5 миллион теңгеден астам. Сот қаскөйді 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Айта кетейік, соңғы кездері алаяқтардың осындай әрекеттері өрши түсті. Полицейлер белгіленген процедураларды айналып өтіп алған құжат заңсыз екенін еске салады және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады.