Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халық саны туралы нақтыланған мәліметтерді ұсынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанға 12 926 адам келсе, елден 21 875 адам кеткен. Статистика мамандарының айтуынша, еліміздің негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдеріне тиесілі. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 85%, ТМД елдеріне кеткендер 84,4% пайызды құрайды. Бұл ретте ел ішінде көшіп-қонушылардың 3,2%-ға артуы байқалады. Елімізде көші-қон ең көп жүретін қалалар қатарына Алматы (30 388 адам көшкен), Астана (29 086 адам) және Шымкент (2 311 адам) кірді.
2022 жылғы қаңтар — қазанда республика халқының табиғи өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (222,3 мың адам) 0,6% — ға төмендеп, 221 мың адамды құрады. 1 мың тұрғынға шаққандағы табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 13,51 адамға жетті.