Солтүстік Қазақстан облысында биыл қызамық жұқтырған 522 жағдай тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 есе көп, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сырқаттанғандардың 94 % — 14 жасқа дейінгі балалар. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, қызамық ауруы биыл өршіп отыр.
– Петропавл мен екі ауданда ғана сырқаттану жағдайлары тіркелді. Биыл тек үш ауданда ғана ауырғандар болмады. Қызамық – жеңіл түрде өтіп жатыр, қазіргі уақытта карантинге жабылған мектептер жоқ. Әдетте, мектепке дейінгі білім беру мекемелері, соның ішінде 6 жасқа дейінгі балалар бар топтар жабылады. Мектептерде жұқтырған балалар да оқшауланбайды. Олар амбулаторлық ем алуға жіберіліп, дәрігерлердің бақылауында болады, — дейді Әсет Жұматаев.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, қазіргі уақытта өңірде қызамыққа байланысты үш балабақшада карантиндік шаралар қолға алынды. Яғни топтарға жаңадан бала қабылданбайды, сабақтар бір кабинетте ғана өтеді.
– Қызамықпен ауырған адам 7 күн дәрігердің бақылауында болады. Әдетте дертті жұқтырған сырқаттың дене қызуы көтеріледі, іші ауруып, құсуы мүмкін. Ең басты белгісі – тілі қызарып, денесі бөртуі мүмкін. Бұл белгілер пайда болған жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн, — дейді Әсет Жұматаев.