СҚО-да полицейлер ауыл тұрғындарына өрт сөндіруге көмектесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
12 желтоқсанға қараған түні Челябі – Новосібір автожолында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген СҚО ПД патрульдік полиция батальонының экипажы Петропавл қаласын айналып өтетін жолдың бойында орналасқан дәмхананың жанында ораулы жатқан шөптің өртеніп жатқанын байқап қалған. Оны күзетші мен сол маңдағы жергілікті тұрғындар да сөндіріп жатқан екен. Тұрғындар өрт сөндіргішті қолданғанымен, жел құрғақ шөпті ұшыра бастаған.
Полиция қызметкерлері Сұлтан Қуанышев пен Асиман Мирзоев дереу әрекет етіп, өрт шыққан жерді сөндірді. Бұл уақытта дәмханаға жапсарлас орналасқан қаңылтырмен қапталған қора-қопсы өртене бастаған еді. Сұлтан Қуанышев қаңылтырды жұлып алды. Сол аралықта оқиға орнына өрт сөндірушілер де келіп жеткен.
– Қызмет барысында батальон қызметкерлері көптеген жағдайлармен бетпе-бет келеді. Қуанышев пен Мирзоев бұған дейін де қиын жағдайларға тап болған адамдарға көмектесті. Қысқы жолда істен шыққан көліктерді жөндеуге көмектесу, медициналық көмекке мұқтаж адамды тез арада жеткізу сияқты оқиғалар жиі болады. Осы жайтқа ұқсас оқиға 2018 жылы да болған. Сұлтан Қуанышев өмірін қатерге тігіп, өртеніп жатқан үйдің ішінен зейнеткерді алып шықты. Адамдар от жаққан кезде сақ болуы тиіс. Айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне қауіп төндірмеулерін сұраймыз, – дейді ПД патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.