Петропавл қаласының полиция басқармасында құрылыста жұмысшының қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі материалдардың тергеу бөлімінің өндірісінде екенін мәлімдеді. Қылмыстық іс «абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы бойынша тергелуде. 47 жастағы жұмысшы медициналық мекемеде алған жарақаттарынан қайтыс болғаннан кейін іс сол баптың үшінші бөлігіне яғни, «абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабына қайта жіктелді. Баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, белгілі бір лауазымдарды атқару, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
— Қазіргі уақытта істің мән — жайларын зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады, — делінген департамент жариялаған ақпаратта.