Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінде әлеуметтік маңызы бар автомобиль жолаушыларын облысішілік тұрақты тасымалдауға арналған тариф туралы қаулы жобасы қаралды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмажінов қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдауға тарифтер белгілейтінін түсіндірді.
— Облыс әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындайды және тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялауды жүзеге асырады. Осылайша, әкімдік әлеуметтік маңызы бар маршруттардың тізбесін айқындайды, осы маршруттарға халық үшін бірыңғай тариф белгілейді, ал тасымалдаушының нақты шығындары арасындағы айырмашылықты бюджет есебінен субсидиялайды. 2017 жылы тариф 1 жолаушы / километр үшін 6 теңге мөлшерінде бекітілді. Содан кейін әлеуметтік маңызы бар 11 бағыт болды және субсидиялауға 103 млн. теңге төленді. Қазір маршрут саны — 43, субсидиялар 787 млн. теңгеден астам төленді, — деп түсіндірді М.Әбілмәжінов.
Ол осы уақыт ішінде бағалар екі-үш есе өскенін атап өтті. Дизель отыны 130 — дан 260 теңгеге дейін, бензин 150-ден 285 теңгеге дейін қымбаттады. Бес жыл бұрын шинаның құны 15 мың теңге, биыл — 70 мың теңге, шағын автобусқа тиісінше – 22 мың тұрса, қазір 57,4 мың теңгеге жетті. Көлік құралдарының құны да өсті.
— Бюджетке жүктемені азайту мақсатында халық үшін әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша жол жүру құнын километріне 2 теңгеге арттыру туралы шешім қабылданды. Тасымалдаушының бір билетті сатудан түскен табысы артады, ал субсидиялау сомасы осы сомаға азаяды. Тарифтің өсуі бюджетке түсетін жүктемені 200 млн. теңгеге азайтады, — деді М. Әбілмәжінов.
Фото: ашық дереккөздерден.