Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Қайрат Үмбетовтің атынан алғыс хат пен Ұлттық ұлан Академиясы бастығының грамотасын әскери оқу ордасының бастығы полковник Артур Тоқышев табыс етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Тик-Ток желісінде Петропавлда түсірілген әлеуметтік эксперименттің видеосы пайда болған еді. Кадрда формадағы жас жігітке жақындаған бойжеткен «Көмектесіңізші, ол мені ұрады» деген өтінішпен көмек сұрайды. Жігіт оның өтінішіне бей-жай қарамай, мән-жайды анықтауға, қыз балаға көмектесуге тырысады. Жәбірленушіні мүмкіндігінше қорғай бастайды. Нәтижесінде бұл көріністің алдын-ала ойластырылған әлеуметтік зерттеу екенін айтып, курсантқа мән-жайды түсіндіреді. Сондай-ақ, азаматтық мінз танытқанына алғыс білдіреді.
Кейін белгілі болғандай, блогер Владимир Пекарский жүргізген эксперименттің кейіпкері – Ұлттық ұлан Академиясының 2 курс курсанты Санжар Ақанұлы болып шықты. Оның батыл әрекеті қазақстандықтардың жүрегін жаулап алды.