Петропавлда басты шырша жағылды, деп хабарлайды qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мерекенің басты белгісі Аяз Ата мен Ақшақар алаңға ақ лимузинмен келді, бұл балалардың қуанышын еселей түсті. Ән мен биден кейін, Дәстүрлі түрде шыршаны жағып, қала тұрғындарына отшашу атылды.
Қалалық әкімдіктің айтуынша, өткен жылдары жаңажылдық безендіруге және мұз қалашықтарын салуға бюджеттен ақша бөлінген жоқ, бірақ демеушілердің қаражатына салынған болса, биыл әкімдік сырғанақтар мен мұз қалашықтарын салуға 75 млн. теңге бөлді. Қалалық ТҮКШ бөлімі бұл үшін қыс мезгілінде қаланы абаттандыру және безендіру бойынша жұмыстарды орындауға конкурс өткізді.
— Бұл сомаға 5 сырғанақ салу және күтіп ұстау, мұздан 40 – тан астам фигура салу, жарық қою, мұз лабиринттерін, мұз қоршауларын орнату, металдан жасалған бұйымдар және «Динамо» стадионында мұз айдынын құю және күтіп ұстау кіреді,-деп түсіндірді ТҮКШ бөлімінің баспасөз қызметі.
Бірақ қаланы тікелей жаңа жылдық безендіру үшін, тіпті қаланың екі алаңында шырша орнату үшін, бюджеттен қаражат қарастырылмаған, оны демеушілер жасады.
Фото: ашық дереккөздерден.