Жылдың соңғы күндерінде СҚО полицейлері жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайтуға күш салуда. 16 желтоқсаннан бастап облыста «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Күшейтілген рейдтер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтауға бағытталған. Күн сайын орта есеппен облыс жолдарында полицейлер 3 мас жүргізушіні анықтайды. 10 күн ішінде осындай 31 факт тіркелді. Тәртіп сақшылары еске салады: ішімдікті ішкеннен кейін көлік жүргізу —өрескел бұзушылық, ол үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға басқару құқығынан айыру қарастырылған.
-Жүргізіліп жатқан жұмыстың түпкі мақсаты — мас күйінде басқару фактілерін жою. Мас жүргізуші жол жағдайындағы өзгерістерге тез және нақты жауап бере алмайды. Ол ықтимал қылмыскер болып табылады. 11 айда облыста мас автокөлік жүргізушілерінің кінәсінен 26 ЖКО орын алып, 6 адам қаза тапса, 27 адам жарақат алды, — дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Сондай — ақ, ЖПІШ кезінде полицейлер жылдамдықты асырғаны үшін 137 жүргізушіні, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 51 жүргізушіні, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне жүргені 25 жүргізушіні жауапкершілікке тартты. Барлығы 2 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу анықталды.
Фото: ашық дереккөздерден.