Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда сүт таситын жүк көлігі қалың қарда батып қалып, 12 сағаттан астам уақыт бойы жолда тұрған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаңтардан 3-нен 4-не қараған түні «Екатеринбург-Алматы» автожолының 780 шақырымында цистернасы бар «КамАЗ» боранның салдарынан жол шетіне түсіп кеткен. 54 жастағы жүргізуші сүт әкету үшін Петропавлдан Возвышенка елді мекеніне жолға шыққан екен.
Қарда батып тұрған жүк көлігі жайлы полиция қызметкерлеріне жол техникасының жүргізушісі айтқан. Алайда оған көмектесу үшін боранның басылғанын күтуге тура келді. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері таңға дейін жақын маңда болып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Кейін жергілікті «Возвышенское» ЖШС-нің басшылығы шынжыртабан трактор, экскаватор және 2 жүк тиегіш жіберіп, тек жарты тәуліктен кейін ғана жүк көлігі қар құрсауынан шығарылды.
– Қолайсыз ауа райында жүргізушілер алыс сапарға шығудан бас тартып, елді мекеннен алысқа ұзамағаны жөн. Сондай-ақ, автокөліктің техникалық жағдайын тексеріп, қашықтық пен жылдамдық режимін сақтау керек, құтқару қызметінің хабарламаларын бақылап отыру қажет. Ауа райы нашарлаған жағдайда облыс жолдарында қозғалыс шектеледі, — дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.
Полицейлер жол жабылғаны туралы ескертуді елемей, жолға шыққан жүргізушілерге әкімшілік жауапкершілік бар екенін еске салады.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі