ҚР АШМ: СҚО-дағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі еліміздің өзге өңірлеріне үлгі

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру жөніндегі тәжірибесін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы бүкіл Қазақстан бойынша масштабтау жоспарланып отыр. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП, Сауда министрлігі, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуінде ауыл шаруашылығы вице-министрі хабарлады, деп жазады Qyzyljarnew.kz тілшісі.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербайдың айтуынша, 2021 жылы СҚО әкімдігіне ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларға жеңілдетілген несие беру үшін «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жарғылық капиталын толықтыруға 15 млрд. теңге бөлінгенін еске салды. Қанатқақты жоба өңірде 17 жаңа өндіріс ашуға мүмкіндік берді, оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, жылыжай кешендері және майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорындары бар.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 2022 жылы 23 инвестициялық жобаны қаржыландыру үшін тағы 20 млрд. теңге алды. Бұл қаражат тауарлы-сүт фермалар, қой, құс, шошқа өсіру, майлы дақылдарды өңдеу, көкөністер мен картоп өсіру үшін су құбырларын және инфрақұрылымын дамытуға көзделді.

– Екі жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 21 тауарлы-сүт фермасы салынды, ал 2020 жылға дейін еліміз бойынша жыл сайын орта есеппен 2-3 тауарлы-сүт фермасы салынып келген болатын. Соның арқасында еліміз бойынша 584 мың тонна сүт немесе барлық сүттің 10,5 %-ын  Солтүстік Қазақстан облысы өндіреді, – деді  вице-министр.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы министрлігі облысымыздың тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Бұл ішкі нарықты сүт өнімдерімен, құс етімен, маусымдық көкөністермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге негізгі борышты өтеу бойынша 24 ай жеңілдікті кезеңмен 2,5% сыйақы мөлшерлемесімен 10 жылға дейінгі мерзімге қарыз беру жоспарланып отырғанын атап өткен жөн.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz