Петропавл полицейлері бір күнде 200-ден астам отбасын тексерді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін болдырмау және криминогендік жағдайды төмендету мақсатында 12 қаңтарда республика аумағында бастау алған «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде жұмыс істеуде. Оның аясында полиция қызметкері 70-тен астам мекенжайды аралап, құқықбұзушылықтар тіркелетін отбасыларды тексерді.
– Жедел алдын алу іс-шараны өткізуге учаскелік инспекторлар, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері, ювеналдық полицейлер жұмылдырылды. Басты назарда – жанжалқорлар, маскүнемдер, тұрмысы қолайсыз отбасылар және есепте тұрған басқа да санаттарға кіретін азаматтар. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалуына негізгі себеп – алкогольдік ішімдік, – дейді Петропавл қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садулов.
Іс-шараның алғашқы күнінде Петропавлда есепте тұрған 222 тұлға тексеріліп, жұмыс барысында полицейлер 19 құқықбұзушылықты анықтады. 13 қорғау ұйғарымы шығарылып, сотпен алты бұзушының тәртібіне ерекше талаптар қойылды. Бес жағдайда алкогольге тәуелді адамдарды мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы мәселе көтерілді. Тәртіп сақшыларымен бірге жедел-профилактикалық іс-шараны өткізуге қоғам белсенділері де қатысып жатқанын да айта кеткен жөн. Олар тұрмысы қолайсыз отбасыларды анықтап, оларға материалдық, психологиялық немесе құқықтық қолдау көрсету мүмкіндігін іздейді.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі