Петропавлдық жас қыз «Горизонт-2100» халықаралық ғылыми және ғылыми-фантастикалық шығармалар байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 400-ден астам жұмыс, оның ішінде Қазақстаннан 10 жұмыс ұсынылды. Байқау қорытындысы бойынша бірден үш қазақстандық жеңімпаз атанды. Олардың ішінде петропавлдық Айсана Құсайынованың мерейі үстем болғанын айта кеткен жөн. «Жарқын бастама» номинациясында «Болашақтың вакцинасы» ғылыми-фантастикалық жұмысын сәтті қорғаған ол жеңімпаздар қатарынан көрінді. «Ғылымның болашағы» аталымында Астана қаласының тұрғыны Виталина Шевчук «Динозаврлардың тірілуі» атты ғылыми-фантастикалық жұмысы бойынша бірінші орынды жеңіп алса, «Жаһандық әлемнің болашағы» номинациясы бойынша екінші орын Шымкент қаласының тұрғыны Айсұлу Талайбекқызына берілді.
«Горизонт 2100» байқауы әртүрлі елдердің жастарын болашақ туралы жаңа идеяларды, ғылыми болжамдарды, ғылыми-фантастикалық ұсыныстарды іздеуге ынталандыратын бірден-бір жоба екенін атап өту қажет.