Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы денсаулық сақтау мекемелерін аралап, ондағы оң өзгерістерге куә болып, түйткілді мәселелермен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ең алдымен өңір басшысы кардиологиялық орталыққа барды. Соңғы жылдары емдеу мекемесі жаңа қондырғылармен толығып, қызмет көрсету аясын кеңейтті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, күніне хирург мамандар 20-ға жуық ота жасайды. Мәселен, экстракорпоральды мембраналық оксигенация аппаратының көмегімен жүрегі мен өкпесі зақымданған науқастардың сауығып кетуіне мүмкіндік бар.
Аурухана бас дәрігерінің орынбасары Асхат Молжігітовтың айтуынша, аталған қондырғының көмегімен өкпесі 99 пайызға зақымданған азаматтар да емделіп шыққан.
– Бүгіндері тұрғындарымыз еліміздің өзге қалаларына бармай-ақ ауыр дерттерін Петропавлда емдеуде. Сонымен қатар ауруханамызда жасанды бүйрек аппараты мен балон контропульсаторы да бар. Бұл қондырғылар науқастардың өмірлерін сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр, – деді Асхат Молжігітов.
Айдарбек Сапаров оңалту бөлімшесіндегі заманауи зертхананың жұмысымен танысты. Ауруханада ем-дом қабылдап жатқан науқастармен тілдесіп, дәрігерлермен әңгімелесті. Кездесу барысында мамандар қосымша ангиографиялық қондырғы керек екенін алға тартты. Бұл аппараттың құны – 800 млн. теңге. Өз кезегінде облыс әкімі орталық жұмысына барынша қолдау көрсететінін айтты.
– 2023 жылы облыс бойынша медициналық қондырғыларды сатып алуға 5 млрд. теңге бөлінді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,2 есе көп. Биыл ангиографтар, УЗИ, эндоскопия, реанимация және рентген аппараттары қойылады. Атап айтсақ, кардиологиялық орталық пен көпсалалы қалалық аурухананың инсульт орталығына екі ангиограф орнатылады, – деді Айдарбек Сапаров.
Кейін облыс әкімі көпсалалы облыстық ауруханада болды. Мұнда бірнеше жыл бұрын ашылған шұғыл көмек көрсету бөлімшесі түрлі жағдайда жарақат алған, ауыр жағдайда түркен науқастарды қабылдауға арналған. Бөлімшеде тез арада көмек көрсетуге арналған құрал-жабдық та жеткілікті. Сонымен қатар емдеу мекемесі КТ және антогиографиялық қондырғылармен де толыққан. Айдарбек Сапаров №3 қалалық ауруханаға барды. Мұнда қондырғылар жеткілікті, алайда науқастар көп болғандықтан ғимарат тар көрінеді. Бұл мәселені өңір басшысы назарға алды.
– Жалпы өңірде Ұлттық жоба аясында 46 медициналық мекеме салыну жоспарланып отыр. Ауылды жердегі фельдшерлік-амбулаторлық пунктерден бөлек, Кішкенекөлде емхана тұрғызылады.Сондай-ақ биыл денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге бөлінді. «Береке» мен «Жас өркен» шағынаудандарында 2 емхана ашамыз, – деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.