Петропавлда Қайсар Малғаждаров атындағы қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Олимпиадалық үміттер» акциясы өтті. Дәстүрлі шара барысында 20 балаға 30 мың теңгелік сертификаттар табысталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Аталмыш қор 10 жыл бұрын Қайсар Малғаждаровтың туыс-жақындарының және достарының қолдауымен құрылған болатын. Оның жетекшісі Бақытжан Сәмиеваның айтуынша, мемлекеттік емес ұйымның басты мақсаты – спортқа ден қойған жастарға қаржылық қолдау білдіріп, олардың биік белестерді бағындыруына қолғабыс көрсету.
– Менің туған інім Қайсар Малғаждаровтың өмірден өткеніне 10 жылдан асты. Ол кеден органдарында қызмет етті. Тағдырдың жазуымен өмірден ерте өтті. Қайсар балалық шағынан бастап спортпен шұғылданды. Әрқашан жастарға қолдау көрсетіп отырды. Біздің қор оның ісін жалғастыруда, – дейді Бақытжан Сәмиева.
Қор ашылғалы бері көпбалалы отбасыдан шыққан 100-ден астам балаға көмек көрсетілді. Биылдың олардың қатарына тағы 20 балғын мен жасөспірім қосылды.