Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев министрліктің алқа отырысында биыл елдің агроөнеркәсіптік кешені қалай дамитынын айтып берді. Сала басшысы өз сөзінде негізгі бағыттарға тоқталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биыл микрокредит беру есебінен ауыл шаруашылығы кооперациясын белсенді дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Жеті жыл ішінде осы мақсатқа 1,0 трлн. теңгені бағыттай отырып, 350 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, милионнан астам ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысын кооперативтік кәсіпкерлікке тарту жоспарланып отыр. 2023 жылы жобаны іске асыруға әкімдіктерге 11 мың микрокредит беру жоспарымен және 12 мыңнан астам жұмыс орнын құру үшін 52,4 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі таратылатын болады.
– Қаржыландырудың алдын ала сомасы шамамен 400 млрд. теңгені құрайды, ол құс етін, сүтті өндіру жөніндегі инвестциялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ көкөністерді өндіру үшін суару жобаларын және осы көкөністерді сақтау жөніндегі инфрақұрылымды іске асыруға бағытталатын болады. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруда оң нәтиже береді және жаңа жұмыс орындарын құру есебінен ауыл халқының табысын арттыруға мүмкіндік береді, — деп толықтырды Ербол Қарашөкеев.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату шеңберінде шамамен 178 инвестициялық жобаны, оның ішінде 105 тауарлы сүт фермасын, 28 көкөніс сақтау орнын, 12 құс фабрикасын және суару бойынша 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.