Облыстық Н. Погодин атындағы орыс драма театрының жөндеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірісов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бүгінгі таңда театрда жылу жүйесі жөнделіп жатқанын жазды.
— Облыс басшылығы электрмен жабдықтау, жылыту, өрт дабылы жүйесіне күрделі жөндеу жүргізуді тапсырып, бюджеттен қосымша тағы 98 млн теңге бөлді. Биылғы жылы өңірде жалпы сомасы 873 млн. теңгеге мәдениет нысандарын жөндеу бойынша 12 жоба жоспарланған. Оның 528 млн–ы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасына бөлінді. 12 жобаның 11-і аудандарға тиесілі, — деп жазды Досбол Әбдірісов.
Аталған театрға күрделі жөндеу жұмыстары 2021 жылы жүргізілгенін айта кеткен жөн. Оған 200 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген.