Петропавл полицейлері жертөлелерде ұрлық жасаған күдіктіні ұстады, деп жазады Qyzyljarnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өткен жылдың желтоқсан айында Петропавл полициясына көппәтерлі үйлердің жертөлелерінде жасалған ұрлық фактілері туралы азаматтардан түсетін арыздар көбейді. Көп жағдайда тұрғындардың электр құралдары қолды болған. Осындай оқиғалардың бірінде шығын сомасы 200 мың теңгеге дейін жетті. Ал жаңа жыл мерекесі қарсаңында қалалықтың бірі жертөлесінде тұрған 140 мың теңге болатын екі велосипедтің жоғалғанын байқады.
Полицейлердің сөзінше, белгісіз қылмыскер бір схема бойынша әрекет еткен. Жертөлелерге кілтті таңдау арқылы енетін, кей кездері қоймалардың құлыптарын бұзып кіретін. Қаңтар айында жедел уәкілдер мұндай қылмысқа барған күдіктіні ұстады. Ол бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін сотталған 33 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта ұрланған заттардың дені тәркіленді.
– Бұл фактілер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. 5 эпизод тергеліп, күдіктінің осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Қыс мезгілінде қала тұрғындары жертөлелерін тексере қоймайды. Әдетте қылмыс жасалған уақыт пен полицияға жүгінген мерзім тым алшақ келеді. Адамдарға өз мүлкін қорғау үшін қажетті шаралар қабылдауға, сенімді құлыптарды қолдануға кеңес береміз. Көппәтерлі үйлердің кіреберістерінің алдына бейнебақылау камераларын орнатқан жөн, олар мұндай қылмыстардың алдын алуда жақсы көмек, әрі қылмысты «ізін суытпай» ашуға ықпал етеді, – дейді Петропавл қаласы ПБ тергеу бөлімінің бастығы Нұржан Омаров.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі