СҚО полицейлері жекеменшік үйден 200 литрден астам заңсыз алкоголь тәркіледі,- деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алкогольге қарсы заңнаманы бұзудың алдын алу бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жақында Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында учаскелік инспектор құрамында спирт бар ішімдіктерді заңсыз сату фактісін анықтады. Жекеменшік жер үйден бес литрлік 43 пластикалық бөтелкелер мен басқа да ыдыстар тәркіленіп, жалпы мөлшері лицензиясыз 219 литр алкоголь алынды.
Заңсыз алкогольдің иесі, яғни 40 жастағы тұрғынға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша материал жиналды.
– Тәуліктің кез келген уақытында заңсыз сатылатын мұндай өнімдер заң бұзушылықтарға алып келуі, тіпті тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі – қылмыстың төмендеуіне қол жеткізу. Өткен жылы 7 факті орын алса, биыл 5 факті тіркелді, – дейді Есіл ауданы ПБ бастығы Ерлік Есләмбеков.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі