Қаңтар айында СҚО-да 740 шетелдік тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
2023 жылғы 27 қаңтар сағат 00:00-ден кейін келген шетелдіктер Қазақстан Республикасы көші-қон заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы ұмытпауы керек. Бүгінгі таңда көші-қон қызметінің қызметкерлері шетелдік азаматтардың болу ережелеріндегі жаңалықтарды түсіндіре отырып, ақпараттық жұмыс жүргізуде.
Қазақстанға визасыз келуге рұқсат етілген басқа мемлекеттердің азаматтары біздің елімізде 30 күнге дейін бола алатынын айта кеткен жөн.
Бұл ретте олар екі рет “визаран” деп аталатын тәжірибені қолдана алады. Аталған тәжірибенің мәні елден қысқа мерзімді шығу немесе болу мерзімін ресми түрде жаңарту үшін қажет. Бұрын мұндай сапарлардың саны шектелмеген болатын. Енді 180 күн ішінде Қазақстан Республикасында болудың жиынтық мерзімі 90 күннен аспауы тиіс.Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары Қазақстанда 90 күн үздіксіз бола алады. Осыдан кейін Республика қонақтары кем дегенде келесі 90 күнге кетуі керек. Содан кейін ғана қайта келуге болады. Бұл шектеулер Қазақстан Республикасында болу кезеңінде уақытша тұруға рұқсат немесе виза ресімдеген шетелдіктерге қолданылмайды.
– Көші-қон жағдайын талдау шетелдіктердің іс жүзінде шектеусіз болу мүмкіндігі құқық бұзушылықтарға, мысалы, заңсыз еңбек қызметіне жағдай туғызатынын көрсетеді. Жаңа ережелер Қазақстан Республикасы көші-қон заңнамасын көптеген мемлекеттердің, соның ішінде ТМД құрамына кіретін мемлекеттердің нормаларына сәйкес келтіреді, – деп түсіндіреді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.
СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының мәліметі бойынша, қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысында 740 шетелдік тіркелген, оның 612-сі Ресей Федерациясының азаматтары. Олардың жалпы санынан 446 адам келудің негізгі мақсаты ретінде – жұмысқа орналасуды көрсеткен.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі