Қазақстанның барлық мектебіндегі қауіпсіздік тексеріледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл шешімді қабылдауға Петропавлда тоғызыншы сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып барғаны себеп болды. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі министрдің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Оның құрамына балалардың құқығын қорғау комитетінің, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің, Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасының өкілдері кірді.
Айта кету керек, мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары мен дабыл түймесі орнатылған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
– Бұл ретте облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларына еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептердегі қауіпсіздікті тексеру тапсырылды,- деді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.