Ресейдің Кемерово қаласында кекушинкай каратэден «Азия балалары – 2023» халықаралық турнирі өтті. Дүбірлі жарыста жалпыкомандалық есепте ел құрамасы үшінші орынға ел болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Азия балалары – 2023» турниріне 6 мен 17 жас аралығындағы 575 спортшы қатысты. Ұлттық құрама сапында ел намысын Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласының каратэшілері қорғады. Нәтижесінде қоржынға 7 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль түсті.
– Біздің облыстың спортшылары «кумите» бағдарламасында қарсыластарының алдын орады. Әр жекпе-жекте жерлестеріміз намысты қолдан бермеуге тырысып, жақсы нәтиже көрсетті. Солтүстікқазақстандық каратэшілердің еншісінде 7 алтын, 5 күміс пен 2 қола медаль иеленді. Тағы 1 күміс пен 1 қола жүлдені алматылықтар қоржынға салды, – деді «Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымы» РҚБ СҚОФ директоры Владимир Витченко.
Ер балалар арасында алтын жүлдені Эрик Данат (6 жас, 25 кг), Иван Заика (8-9 жас, 26 кг), Амир Әнуаров (8-9 жас, 36 кг), Богдан Митрофанов (16-17 жас, 60 кг), Данияр Балтабаев (16-17 жас, 70 кг) қанжығасына байласа, күміс медальдарды Дарын Исин (7 жас, 25 кг), Радмир Данилов (10-11 жас, 40 кг), Алексей Ахатов (14-15 жас, 65 кг) пен Никита Усатенко (14-15 жас, 65 кг) иеленді.
Қыздар арасында алтын медальдарға Алина Сейтенова (8-9 жас, 35 кг) пен Тамила Тенькина (10-11 жас, 50 кг) қол жеткізді. Ал күмісті Александра Заикина (12-13 жас, 50 кг) еншіледі. Сондай-ақ өз салмақтарында ұлдарда Дархан Исин (8-9 жас, 28 кг) мен қыздарда Милана Шалаева (16-17 жас, 55 кг) үздікті үштікті түйіндеді.