Петропавлдың қару-жарақ дүкендерінің біріне бейтаныс адам келіп, ішке кірмес бұрын сырттағы баспалдақта белгісіз сөмке қалдырып кеткен, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сатушы ер адам террорист болуы мүмкін деп болжап, «дабыл түймесін» басқан. Кейін есіктерді бұғаттап, қосалқы есік арқылы шығып кеткен. 3 минуттан кейін оқиға орнына күзет агенттігінің қызметкерлері мен Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының жасақтары келіп, оқыс оқиғаның алдын алу үшін төңіректі қоршауға алды.
Қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығы қырағылықты арттыру үшін бұл оқиға жайлы басқа қару-жарақ дүкендеріне хабарлады. Есік алдында қалдырылған сөмкені тексеру үшін жарылғыш заттар бойынша мамандар шақырылды.
Кейін белгілі болғандай бұл СҚО бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті терроризмге қарсы орталығының объектілерді тексеру жөніндегі эксперименті екен. Дүкен қызметшілері мен барлық мүдделі қызметтердің әрекеттері қанағаттанарлық деп бағаланды. Полиция қызметкерлері террористік тұрғыдан осал объектілердің персоналымен және террористік қауіп туындаған жағдайда жасалатын іс-қимыл тәртібі бойынша жеке күзет құрылымдарының қызметкерлерімен тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айта кеткен жөн.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі