Көктайғақтың салдарынан травматолиялық пункт дәрігерлерінің көмегіне 21 адам жүгінді. Олардың басым бөлігі аяқ-қолдарын жарақаттаған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Бүгін сағат 11:00-ге дейін көпбейінді қалалық аурухананың травматологиялық пунктінің жедел жәрдем қызметіне 21 адам жүгінсе, кеше бір күннің ішінде 32 адам медициналық көмек алған. Бүгіндері түрлі дене жарақатын алған 2 тұрғын емдеу мекемесіне жатқызылды, – дейді көпбейінді қалалық аурухананың баспасөз қызметі.
Ал облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, көктайғақ салдарын көлік жүргізушілері де айқын сезінді. Сағат 00:00-ден 11:00-ге дейін өңірде – 5, оның ішінде Петропавл көшелерінде – 5 жол көлік оқиғасы тіркелді. Зардап шеккендер жоқ, автомобильдер механикалық зақымданған.
– Күрделі жағдайға байланысты жол қозғалысын бақылау күшейтілді. Автопатрульдер оқу орындарына жақын орналасқан. Сондай-ақ, патрульдік полиция батальонының түнгі ауысымы маршруттарда уақытша қалдырылып, жұмысын жалғастыруда. Таңертеңнен бастап қала көшелерінде арнайы техника жұмыс істеуде, – делінген СҚО ПД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.