36 жастағы Петропавл тұрғыны ұтыс ойынында 109 миллион теңге жеңіп, бір күннің ішінде миллионер атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл айрықша оқиғаның жай-жапсарын рет-ретімен баяндап берсек, Петропавл қаласының Константин есімді тұрғыны 14 ақпан күні туған күніне сыйланған 18 мың теңгені ұтыс ойынына тігіп, қазақстандық лотереяның 60 билетін сатып алған. Келесі күні ұтыс ойыны ойнатылып, артынша оған «Ұтыс құтты болсын!» деген жазуы бар ерекше SMS келген. Адам айтса нанғысыз ұтыс сомасын көрген петропавлдық бастапқыда өз көзіне өзі сенбепті.
— Әдетте ұтыс ойнатылған кезде қарамаймын — маған SMS-тің келетіні қызығырақ. Қарасам, 109 530 900 теңге деп тұр. Мұндай болуы мүмкін емес, осынша ақша ұтып алу екіталай деп ойлайтынмын. Сөйтсем, болады екен. Келесі күні маған лоторея кеңсесінен қоңырау шалып, ұтыс туралы хабарлады. Мен ол кезде жұмыста едім, жанымда ешкімнің болмағаны жақсы болды. Қатты таң қалып, ерекше сезімде болдым, — деп мойындайды Константин.
Бір айта кетерлігі, оның бір сәтте мультимиллионер атанғанын әлі ешкім, тіпті жұбайы да білмейді екен. Константин чек қолына тигенше, ешкімге ештеңе айтпауды шешкен. Десе де екі баланың әкесі ұтысын қайда жұмсайтынын жоспарлап қойыпты.
— Пәтер жалдап тұрамын. Сондықтан, пәтер алу жоспарда бар. Сонымен бірге автомобиль сатып алатын шығармын, себебі өзімнің көлігім ескі. Одан кейін демалысқа барып келуіміз де мүмкін, — деп жоспарымен бөлісті жеңімпаз.
Ол, әлбетте, осы ұтқан ұтысына қанағат етіп, тоқтап қалмайтынын айтады. Константин алдағы уақытта да осы секілді құнды сыйлықтар ұтып алудан үмітті.