СҚО әкімдігінде спорт басқармасының алқа мәжілісі өтті

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Дәурен Жандарбектің төрағалығымен дене шынықтыру және спорт саласында өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылауға арналған алқа отырысы өттi. Оған спорт ардагерлерi, сондай-ақ облыстық ұйымдар мен мекемелерiнiң басшылары қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Облыста балалар спорты мен бұқаралық спортты дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі уақытта өңірде 215 мыңнан астам адам, яғни тұрғындардың 40 пайызы дене шынықтырумен тұрақты түрде шұғылданады. Жыл сайын жаңа спорттық нысандар бой көтеруде. Жиында есеп берген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелеховтың айтуынша, өткен жылдың өзінде өңірімізде 28 спорт ғимараты салынды. Соның ішінде 13 шағын футбол алаңы мен 1 хоккей корты аудандарда бой көтерген.

– Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған нысандардың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Сонымен қатар, облыс орталығындағы “Қарасай” стадионында қайта жаңғырту жұмыстары бастау алды. Бұл мақсатқа 1 млрд. 235 мың теңге бағытталған. Біздің өңірде оқу-жаттығу жиынын өткізуге арналған жеке база жоқ. Бұл спорт мектептерінде оқитын балалар үшін жазғы оқу-жаттығу жиындарын өткізуге ыңғайлы болар еді. Осы мәселені шешуіміз қажет, – деді Сергей Мелехов.

Былтыр “Жастар” стадионында республикалық жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін жаңа жасанды желек төселгенін айта кеткен жөн. Оған 117,5 млн. теңге жұмсалды. Қазіргі уақытта өңірде 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Биыл тағы бір кешен “Береке” шағынауданында бой көтереді. Жер учаскесі бөлініп, жобалық-сметалық құжат сараптамадан өткен. Болашақта мұнда 35 мың адам спортпен шұғылдана алады.
Жалпы өңірімізде спортпен кәсіби түрде шұғылданатын 400 жеткіншек республикалық құрамаларға мүше. Олардың оқу-жаттығу жиындарға қатысуына облыстық бюджеттен қомақты қаржы бағытталады.

– Өткен жылы ақылы түрде спортпен шұғылданатын 3 мыңға жуық бала тегін үйірмелерге ауысты. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 415 млн. теңге бөлінді. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табады. Қазіргі уақытта 46 мыңға жуық ұл-қыз спортпен тегін айналысып жүр, – деді алқа отырысында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.

Жиында спортшыларды Олимпиада ойындарына даярлаумен айналысатын жоғары спорт шеберлігі мектебінің жұмысы жайлы да айтылды. Өткен жылы 40 спортшы Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданып, мектептің 40-тан астам тәрбиеленушісі Азия чемпионаттарында жүлдеге ие болған. Спортшылар бұл жетістіктермен тоқтап қалмайтыны анық. Алда әлі үлкен додалар бар.

Фото: Талғат Тәнібаев

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz