Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің “Gakku” хореографиялық ансамблі есептік концертін ұйымдастырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Qyzyljar.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақан сері атындағы облыстық филармония ғимаратында өткен Іс-шараға қала тұрғындары, оқушылардың ата-аналары, сыныптастары мен ұстаздар қауымы жиналды. Өнерпаздар көрермен назарына 20 шақты би ұсынып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ансамбль репертуарында қазақтың ұлттық билері, еврей, ұйғыр, өзбек және заманауи қимыл-қозғалысқа негізделген билер бар. Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі би үйірмесіне 7 сыныптан 12 сыныпқа дейін кез-келген оқушы жазылып, би өнерінің қыр-сырын танып, шеберлігін шыңдай алады. Бүгінде 124 бала білікті педагогтардан тәлім-тәрбие алып жүр. “Gakku” хореографиялық ансамблі қалалық және облыстық өнер байқауларының жүлдегері, Қазақстан мен Ресейде ұйымдастырылған республикалық және халықаралық фестиваль-конкурстардың лауреаттары мен гран-при иегері атанған.