Қызылжар ауданының Соколовка ауылы маңында заңсыз аң аулау фактісі тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Соколовка ауылының жанында түнгі уақытта учаскелік полиция инспекторы Әлібек Илюбаев мылтықтың атылғанын естіді. Бұл туралы тәртіп сақшысы дереу ауылдық полиция бөлімше бастығының орынбасары Бақтияр Күзембаевке хабарлаған. Елдің мекеннің айналасын тексеруге аттанған полицейлер атылған сібір елігін шанамен алып бара жатқан 43 жастағы ауыл тұрғынын байқаған. Кейін белгілі болғандай, осы қылмысқа қатысы бар тағы бір 40 жастағы анықталды. Оның үйінде тіркелмеген «ИЖ» бір оқпанды және «ТОЗ» екі оқпанды мылтықтары табылды.
– Атыс елді мекен аумағында болған. Бұл факт Қазақстан Республикасы ҚК-нің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қару мен малдың ұшасы тәркіленді, сараптама тағайындалды. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы ҚК 337-бабының санкциясы 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді, — дейді аудандық ПБ бастығы Әлихан Байқадамов.