СҚО полицейлері 10 күннің ішінде облыс тұрғындарынан 27 заңсыз қаруды тәркіледі, – деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Облыста «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы аяқталды. Акцияның негізгі мақсаты — заңсыз айналымнан тіркелмеген қару мен оқ-дәрілерін анықтау. Қылмыстық полиция бөлімшелері учаскелік инспекторлармен тығыз байланыста жұмыс істеіп, Қызылжар ауданындағы Соколов кенттік полиция бөлімшесінің қызметкерлері екі ауылдың 57 және 60 жасар тұрғындарынан «ИЖ» және «ТОЗ» аңшылық мылтықтарын тәркіледі. Екі адамның да берген түсініктемесі бір – қару әкелерінен қалған.
– Қаруды туыстарынан естелік ретінде қалдыруға болмайды. Иесі қайтыс болған жағдайда қаруды полицияға сақтауға тапсырып, кейіннен өз атына тіркелу немесе комиссиялық сату туралы шешім қабылдау қажет. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 482-бабына сәйкес, ішкі істер органдарында тіркелмеген қаруды заңсыз сақтау 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, – дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Небәрі 10 күн ішінде СҚО полицейлерімен 27 бірлік тіркелмеген атыс қаруы, екі бірлік суық қару және 157 түрлі калибрлі патрон заңсыз айналымнан алынды.