Солтүстік Қазақстан облысында тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын және оған қарасты мекемелерді тексеріп, анықталған олқылықтарға көз жұма қарағаны үшін пара алып ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет СҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Кенжебаевқа қатысты қылмыстық істі қарады. Мемлекеттік аудитор 2021 жылдың қараша айында бірнеше рет пара алып, ұсталған еді.
Былтыр желтоқсан айының соңында Петропавл қаласы сотының үкімімен Кенжебаев ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлімі бойынша сотталды. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды. Сотталған жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде өтейді, сондай-ақ пара ретінде алынған сома — 2 565 940 теңгені қайтарады.
— 2021 жылдың қарашасында Айыртау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына мемлекеттік аудит жүргізу барысында Кенжебаев бірқатар олқылықты анықтаған. Кінәлілер ол үшін тәртіптік жауапкершілікке және кейбір заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, келтірілген шығынның орнын толтыруы тиіс еді. Алайда, Кенжебаев орталықтың лауазымды тұлғаларына аудиторлық есепте анықталған олқылықтарды көрсетпейтінін айтқан, сол үшін 2,5 млн теңге сыйақы сұраған. Орталық басшылары жауапкершіліктен қорқып, қалтаға басқан қаражатты қайтару керек болатынын ескеріп, аудитордың ұсынысын қабыл алады», — дейді СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Айдос Жүнісов.
Кенжебаев 2021 жылдың қараша айында мемлекеттік аудиторлармен бірге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын және оған қарасты мекемелерді тексеріп, арнайы әлеуметтік қызметтерді беруде, мемлекеттік сатып алуларда және бухгалтерлік есепте заң бұзушылықтарды анықтайды.
— Аудиторлық топты басқарған Кенжебаев анықталған заң бұзушылықтарға байланысты басқарма басшысы Қошмановтың тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын түсініп, онымен жеке кездеседі. Мәселеге көз жұма қарағаны үшін сыйақы ретінде АИ-95 маркалы бензиннің 300 литрін сұрайды. Қошманов қалтасынан қаражат шығармай Кенжебаевқа пара беру үшін, өзі басқарып отырған басқармадан АИ-95 маркалы бензиннің 400 литрін алған. Оның 300-ін аудиторға берсе, қалғанын өз пайдасына жаратпақ болып алып қалған, — дейді Айдос Жүнісов.
Петропавл қалалық сотының үкімімен Қошманов өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ысырап еткені және пара бергені үшін 2 млн теңгеге жуық айыппұл төледі.
Ал Айыртау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс олардың тергеуді жүргізуге көмектескені үшін, қылмыс туралы айтқандары үшін тоқтатылды.