Футболдан ел біріншілігінің аясындағы 3-ші турда жерлестеріміз Астана қаласына аттанып, көкшетаулық «Оқжетпес» командасына қарсы ойын өткізді. Бұл кездесуде «Qyzyljar» клубы 0:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кездесудің бірінші минуттарынан бастап, көкшетаулық команда ойын тізгінін өз қолдарына алды. Бірнеше қауіпті шабуылдардан соң, есеп «Оқжетпес» пайдасына ашылуға жақын тұрды. Жерлестеріміз қорғанысқа басымдық беріп, қарсыластың осал тұстарын табуға тырысты. Осылайша ойынның 36-шы минутында алаң иелері қателесіп, қорғаушылардың пасын қағып алған Лука Имнадзе нәтижелі соққы жасады (0:1).
Ойынның екінші бөлімінде жерлестеріміз қорғаныстан гөрі шабуылдарға сенім артты. Алайда бірде-бір соққы қарсыластың қақпасынан таба алмады. Нәтижесінде матч 0:1 есебімен аяқталып, жеңіс қызылжарлықтарға бұйырды.
Әзірге турнир кестесінде солтүстікқазақстандық команда 4-ші сатыда, көш басында — «Ақтөбе» клубы.