СҚО-да су басу қауіпі жоғары 42 елді мекен бар

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Синоптиктер Солтүстік Қазақстан облысында наурыздың үшінші онкүндігінде күн жылынып, қар қарқынды ери бастайтынын болжауда. Өңірде 42 елді мекен су басуы мүмкін қауіпті аймақта орналасқан, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Есіл өзені бассейніндегі су қоры жылдағыдан 69% жоғары. Кей көлдерде су мөлшері азайғанымен, күзде топырақтың 12% ылғал жинауы, жер қабатының орта есеппен 54 см дейін қатуы өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Бұл еріген қар суының жолында орналасқан 1,5 мыңға жуық тұрғыны бар 42 елді мекен үшін қауіп төндіреді.

– Облыс бойынша жалпы 6 мыңнан астам тұрғыны бар 85 елді мекен есепке алынған. Оның 30-ы өзен деңгейінің көтерілуінен, 13-і көлдер суының тасуынан, 42-сі еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін. Су тасқыны бола қалған жағдайда жылдам әрекет ету үшін күш құрылымдарынан ғана 500-ге жуық адам, 135 техника әзірленді, — дейді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.

Төтенше жағдайдың алдын алу үшін қазіргі уақытта елді мекендерден қар шығарылып жатыр, осы күнге дейін 500 мың текше метрге дейін ақ ұлпа полигонға жеткізілді.

Су жолдары, су өткізгіш құбырлар тазартылып жатыр. Ауыр инженерлік техника – экскаватор мен бульдозерлерді жалға алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы елу шақты экскаватор, шамамен сонша сыратын техниканы уақытша пайдалануға келісім жасалмақшы.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz