Облыста наурыз айының соңғы күндері ауа температурасы күрт төмендеп, сәуірдің алғашқы күндері керісінше сынап бағанасы көтеріледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» РМК филиалының ақпаратына сәйкес, наурыздың 29-31 күндері аралығында облыста ауа райы тұрақсыз болмақ.
Бүгін күндіз облыстың кей аумақтарында жауын-шашын күтілуде. Өңірдің батысында, солтүстігінде – көктайғақ. Сондай-ақ оңтүстік-батыстан жел соғып, секундына 15-20 метр жылдамдықты құрамақ. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 25 метрге жетуі ықтимал. Сынап бағанасы минус 5-ке дейін төмендеуі мүмкін.
– Сәуір айының алғашқы күндерінен бастап жылу ауа массаларының шығарылуымен сынап бағанасы түнде 1-4, күндіз 9-14 градусқа дейін күрт көтеріледі. Сәуірдің 2-сі мен 5-сі аралығында күн райының жылынуына байланысты Есіл өзенінің су деңгейі ұлғаяды, — дейді «Қазгидромет» РМК филиалының директоры Қымбат Мерғалимова.