Алдағы үш жылда Петропавлда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 4 жаңа мектеп салынады. Екеуінің құрылысы биыл басталады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл әкімі Руслан Аңбаевтың айтуынша, «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынатын 4 мектеп жалпы 3300 орынға арналған. «Копай» мен «Орман» шағын аудандарында 600 орындық, «Жас Өркенде» — 900, ал «Берекеде» 1200 балаға шақталмақ. Осы мақсатқа 21 млрд теңге жұмсалмақ. Биыл 2 мектептің құрылысы басталады.
– Осы жылы облыс орталығындағы № 17 мектеп пен 2 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған 649 млн теңге бөлінеді. Тағы жеті мектепте жылыту және кәріз жүйесі жөнге келтірілмек, бес мектеп пен екі балабақшада шатыр ауыстырылады, екі мектептің кіреберісі, № 26 мектеп-балабақшаның спорт залы жөнге келтіріліп, Бірінші It-лицейдің терезелері және № 10 мектептің эвакуациялық сатысы ауыстырылмақ. Биыл білім саласының бюджеті — 25,6 млрд теңге. Қосымша облыстық қазынадан 83 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа мемлекеттік балабақшалар жарақтандырылмақ, — дейді қала әкімі.
Жалпы Петропавлда қазіргі уақытта үш шағын ауданда құрылыс қызған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 34 алаңда жүргізіліп жатыр, оның 14-і – бюджет есебінен салынып жатқан баспана, жалпы аумағы 110,1 мың шаршы метр. Қалған 20-сы – коммерциялық үйлер, оның да жалпы ауданы сол шамалас.