СҚО-да өндіріс көлемі артты

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Өткен жылы облыс бойынша өндіріс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 4 пайызға өсіп, өнімділік 395 млрд. теңгеден 490 млрд. теңгеге дейін ұлғайған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықовтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8 пайыз өсімді құрап, 2022 жылы ол көрсеткіш 401,6 млрд. теңгеге жетті.

Жергілікті зауыттардың өнімдеріне деген сұраныстың артуы да дамудың оң нәтижесін байқатады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 2022 жылдың өсімі 28 пайызды құраған. Спикер машина жасау саласындағы өсімнің 3,3 пайыз көрсеткіші жақсы нәтиже дейді. Бұл салаға жаңадан іске қосылған Урал зауыты да қолтаңбасын қалдырып үлгірген. Зауыт 2022 жылдың тамызынан бастап 8,9 млрд. теңгеге 730 мотоцикл шығарған.

Өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың тиімді бір жолы — индустрияландырудың бірыңғай картасы. 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бағдарлама аясында алғашқы екі бесжылдықта (2010-2019 жж. аралығы) өңірімізде 57 млрд. теңгеге 71 жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде үш мыңға жуық адам жұмысқа тартылған. Үшінші бесжылдыққа жоспарланған 25 жобаның 17-сі бүгінде іске қосылған. Бұл жобалардың жалпы құны — 141 млрд. теңге.

–2019 жылы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары КТС, импортқа ҚҚС, жер салығы, мүлік салығы, кедендік баждар, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақыдан босатылады. Арнайы аймақ аумағында инфрақұрылымға қолжетімділік түрінде жеңілдіктер беріледі, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік әкімшілендірудің тиімді жүйесі құрылған, – дейді Нұржан Садықов.

Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақ қатысушысы ретінде 196,8 млрд.теңгеге 9 шарт жасалған. Оның аясында 2,7 мыңға жуық жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылады. Трансформаторларды өндіру мен сату және CLAAS ауылшаруашылық техникасын құрастыру жөніндегі екі жоба қолға алынды. Жоспарланған тағы бірнеше жоба бар.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz