Облыстағы Сергеев су қоймасы үшінші күннен бері тасып жатыр. Судың биіктігі 169 см-ге жетті , деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, бүгін сағат 8.00-дегі жағдай бойынша Сергеев су қоймасында ернеуден асқан судың биіктігі 169 см жетті. Осылайша бір тәуліктің ішінде 67 см өзгерді.
Сергеевка қаласының маңында Есіл өзенінің суы көтеріліп жатыр. Кешегі көрсеткішпен салыстырғанда 361 см өзгерген. Әзірге қауіпті деңгейге жеткен жоқ.
Шал ақын ауданы Крещенка елді мекенінің маңында Есіл өзені арнасынан шығып, жайылып жатыр.
6 сәуір күні мұнда өзен деңгейі бірден 4,5 метрге көтеріліп, қауіпті деңгей 1400 см-ге жақындап қалған еді.
Кешегідей емес, екпіні саябырсып, бір тәулікте суы 42 см ғана көтерілді.
Есіл ауданы Покровка елді мекенінің маңында да Есіл өзені суының деңгейі көтеріліп келеді, бір тәулікте 31 см өзгерген.
Ал Гусаковка елді мекені маңынан өтетін Бабықбұрлық өзені суының деңгейі кешеден бері 115 см көтерілді. Кеше бірден 295 см көтерілген Ақанбұрлық өзенінің суы қайта бастады.
Возвышенка елді мекені маңындағы гидрологиялық бекетте мамандар су деңгейінің 9 см-ге кемігенін анықтады.