«Объективте – жаз! Камера! Мотор! Кеттік» атты республикалық слет аясында студенттер арасында кәсіби шеберлік байқау өтті. Бұл сынға солтүстікқазақстандықтар да қатысып, бірінші орынды қанжығаларына байлады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Республикалық байқау «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында ұйымдастырылды. Педагогикалық топтар арасында кәсіби және мәдени байланыстарды дамыту мақсатында ұйымдастырылған сайысқа еліміздің барлық өңірлерінен орта арнаулы білім ордалары қатысты. Өңір намысын М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенттері қорғады. Жерлестеріміз сахнада түрлі тақырыптарда театрландырылған қойылымдар қойып, қазылар алқасы олардың өнерлерін жоғары бағалады.