Петропавлдағы абаттандыру жұмыстары облыс әкімінің көңілінен шықпай отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығының көшелерін қалыпқа келтіру, көгалдандыру жұмыстары сылбырт жүргізіліп жатқаны баршаға аян. Мұны өңір басшысы әкімдікте өткен кеңесте тілге тиек етті. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, коммуналдық қызметке жауапты кәсіпорындар қалада тазалық орнатуға асығар емес.
– Қала көшелері ұсқынсыз күйде. Әр жерде қоқыс шашылып жатыр. Әсіресе мемлекеттік және жекеменшіктің иелігіндегі мекемелердің жаны аяқ алып жүргісіз. Қалада коммуналдық қызмет мамандары мүлдем көрінбейді. Аялдама павильондары да кір. Неліктен бұл жұмыстарды ешкім қадағаламайды?– деп қала басшылығын сынға алды.
Облыстық әкімдікте өткен жиын барысында Айдарбек Сапаров бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовқа абаттандыру комиссиясын құруды тапсырды.
– Петропавл және аудандардың әкімдері облыстың барлық елді мекендерін абаттандыру бойынша пәрменді шаралар қабылдауы қажет. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт басқармалары қарамағындағы ұйымдардың аумақтарын абаттандыру жұмыстарын қолға алсын. Үш айдың ішінде облыс орталығы мен ауылдарды ретке келтіріп, тазалық орнату керек, – деді облыс әкімі.