Облыстағы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское елді мекенінде тұратын отбасы баспаналы болды. Ауылдықтарға үйлі болуға «Зекет және қайырымдылық» қоры көмектесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биыл Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен «30 күнде 30 үй» республикалық акциясын ұйымдастырды. Оның аясында өңіріміздегі аз қамтылған бір отбасыға пәтер кілті табыс етілді. Қасиетті Рамазан айында Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылында тұратын Амангелді Шұпановтың отбасы баспаналы болды.
«Зекет және қайырымдылық қорының» облысымыз бойынша өкілі Қасымхан Абдуллаұлы демеушілердің көмегімен үш балалы отбасыға баспана кілтін салтанатты түрде табыс етті. Бұл қасиетті айда істелген игі істердің ең үлкені десек те болғандай. Аталмыш акциясы еліміздің барлық өңірлерінде «Ел үлесі – пәтерге» республикалық жобасы аясында өтіп жатыр.