ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов СҚО-ны газбен қамтамасыз ету мәселесін көтерді

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысы теріскейді табиғи газбен қамтуды жеделдетуді ұсынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Еркебұлан Нұрмағамбетұлы бұл мәселе жиырма жылдан бері көтеріліп келгенімен Үкімет тарапынан әр түрлі себеппен қолдау таппағанын айтқан.

Естеріңізге салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 17 маусымда еліміздің газ саласын дамыту мәселесі жөнінде өткізген кеңесте солтүстік өңірді толық газдандыру «Сарыарқа» магистральді газ құбырын жалғастыру немесе Ресей газ тасымалдау жүйесіне қосылу арқылы жүзеге асыруға болатындығын айтып, Үкімет өңірлердегі әкімдіктермен бірлесіп, жақын арада таңдау жасауға тиісті екендігін жеткізген еді. Алайда содан бері бір жарым жылдан астам уақыт өтсе де, Үкімет бұл маңызды мәселе бойынша нақты шешім қабылдаған жоқ.

– Жоба Солтүстік өңір халқының өмір сүру сапасын арттырып, экономиканың қарқынды дамуына және экологиялық ахуалды жақсартатыны сөзсіз. Сонда оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар мен шет мемлекеттерден көшіп келіп жатқан қандастар үшін өңірдің тартымдылығы артып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың көші-қонын да азайтып, облыстағы демографиялық жағдайды тұрақтандыруға оң әсерін тигізері анық. Осы айтылғанның негізінде Үкіметке Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру мәселесін тездетіп шешуді ұсынамын. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы екенін ұмытпауымыз қажет. Сонымен қатар адамдардың өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау және сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарғы «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасында қарастырылған. Осыған байланысты депутаттық сауалыма жауапты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 27-ші бабына сәйкес жазбаша беруіңізді сұраймын, – деді Еркебұлан Мәмбетов.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz